"Барыс" ҚХЛ-дегі алғашқы жеңілісіне ұшырады

Жарнама
Жарнама

Елордалық хоккейшілер өз айдынында Хабаровскінің "Амурына" 1:3 есебімен жол берді.

"Барыс" ҚХЛ-дегі алғашқы жеңілісіне ұшырады
hcbarys.kz

"Амур" үш шайба соқты

Қонақтар сапынан Ярослав Лихачев пен Артем Шварев мергендік танытты. Кездесудің соңында Кирилл Петьков бос қалған қақпаны дәл көздеп, матчтың қорытынды есебін белгіледі.

"Барыстың" жалғыз шайбасын америкалық шабуылшы Гарретт Пилон соқты.

Ойынның алғашқы кезеңі тартысты басталды. Бесінші минутта елордалықтардың қорғаушысы Иэн Маккошен мен қонақтардың шабуылшысы Кирилл Ураков жұдырықтасып, мұз айдынында төбелес шығарды.

"Барыстың" жеңісті сериясы тоқтады

Астаналық клуб жаңа маусымды нәтижелі бастаған еді. Бұған дейін Новосібірдің "Сибирін" 7:1 есебімен ойсырата жеңіп, кейін "Салават Юлаевтан" 8:6 есебімен басым түскен.

Ал "Амур" Астанаға қатарынан үш кездесуде жеңілгеннен кейін келген. Хабаровскілік команда сәтсіз сериясын дәл "Барысқа" қарсы ойында тоқтатты.

"Барыс" 16 қыркүйекте Тольяттиде "Ладаға" қарсы ойнайды. 

Жарнама
Жарнама