Кинопродюсер және актер Нұрлан Қоянбаев бюджет қаржысын алып, бірақ нәтиже көрсетпей жүрген хоккей және велоспорт командаларына сын айтты.
Ол бұл қаражатты ұлттық спорт түрлері — көкпар мен айтысқа бөлуді ұсынды.
«Барыс» неше жыл бюджеттен ақша алып жатыр? Неге журналистер осыған мән бермейсіздер? Құрама нәтиже көрсетпейді! Көрші елдің чемпионатында соңғы орында жүр. Миллиардтаған ақша айтысқа немесе көкпарға бөлінсін! Қазақстанда бюджеттен ең көп ақша алатын команда, үйде 1-10 болып ұтылып жатыр», - деп жазды Нұрлан Қоянбаев.
Сондай-ақ, ол «Астана» велокомандасының құрамында бірде-бір қазақ азаматының жоқтығына назар аударды.
«Астана велокомандасы да жүр жыл сайын бюджеттен ақша алып. Араларында бір қазақ жоқ, нәтиже де жоқ. Құрметті журналистер осыларға мән берейікші», - деп жазды ол.
Нұрлан Қоянбаевтың бұл пікірі қоғамда қызу талқыға түсті. Көпшілік ұлттық спорт түрлерін қолдауға шақырып, мемлекеттік қаржының тиімді пайдалануын талап етуде.