Геннадий Головкин күтпеген жерден құрметті доктор атанды

Редактор Penalty.kz
18.04.2025, 11:56

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, кәсіпқой бокстың тірі аңызы Геннадий Головкин Алматы қаласындағы KИМЭП университетінің студенттерімен ашық форматта кездесу өткізді. Спортшы бұл шарада өзінің өмірлік ұстанымдары мен қазіргі атқарып жүрген қызметі жайында әңгіме өрбітті.

olympic.kz

Кездесу соңында Головкинге KИМЭП университетінің Құрметті докторы атағы табысталды. Бұл мәртебе оның Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға қосқан үлесі үшін берілді.

"Головкин – Қазақстанды әлемге танытқан тұлға. Ол тек спорттағы жеңістерімен ғана емес, өз мінезімен, мәдениетімен еліміздің елшісіне айналды", – деді университет президенті, доктор Чан Йан Бэнг.

Халықаралық тәжірибеде мұндай атақтар тек ерекше қоғамдық, мәдени немесе халықаралық ықпал жасаған тұлғаларға беріледі. Головкиннің арқасында Қазақстан туралы миллиондаған адам естіп, елге деген қызығушылық артты.

Головкин студенттер алдында шынайы әрі шабытты сөз сөйледі:

"Сіздер – еліміздің болашағысыздар. Мен спорттағы жолымды саралай отырып, бір нәрсені анық айта аламын: ештеңе мүмкін емес деуге болмайды. Бірақ табысқа жету үшін арман ғана жеткіліксіз – күн сайынғы еңбек, тәртіп пен мақсаткерлік қажет", – деді ол.

Головкин жастарды университет жылдарын тек білім алу кезеңі емес, өз болмысын танып-білу уақыты ретінде қабылдауға үндеді. Ол студенттерге өз жолын іздеуден қорықпауға кеңес берді:

"Өзіңді адал, жүйелі және сенімді түрде қалыптастыр. Жаңашыл болуға ұмтылысты жоғалтпаңдар. Білімге деген аштық пен мақсатқа жетудегі батылдық әрдайым серігің болсын".

Кездесу барысында Головкин өзінің спорттық мансабындағы маңызды кезеңдерге шолу жасап, бүгінгі ҰОК басшысы ретіндегі рөлін сипаттап өтті. Ол халықаралық спорт бастамаларын алға жылжыту, ел имиджін қалыптастыру және халықаралық байланыстарды нығайту бағытындағы жұмыстары жайында да сөз қозғады.