"Қайрат" футзал клубының бас бапкері Марлон Веласко Чемпиондар лигасының финалында испаниялық "Пальмаға" 4:9 есебімен жеңілгеннен кейін матч жайлы өз ойын айтты.
Бұл туралы UEFA-ның баспасөз қызметі хабарлайды.
"Біз бұл финалдың оңай болмайтынын білдік. Ал қарсылас бірінші болып есеп ашқан сәтте бәрі одан да күрделене түсті. Дегенмен, менің командам тез ес жинап, таразы басын теңестіре алды. Алғашқы 18 минутта біз өте жақсы ойнадық. Бірақ одан кейінгі екі гол бізді қатты шайқалтты.
Финал – бұл тек тактика емес, психологияны да талап ететін ерекше матч. Мұндай биік деңгейдегі ойында соңына дейін күресіп, төзу керек. Ал біз төртінші голды жібергеннен кейін күйреп қалдық. Бұл сәтсіздіктің негізгі себебі – психологиялық дайындықтың жетіспеушілігі", — деді Веласко.
Марлон Веласко екінші таймда "Қайраттың" шынайы деңгейін көрсете алмағанын мойындады:
"Бұл әлемдегі ең үздік клубтық турнирдің финалы. Мұнда тек екі үздік команда шығады. Сондықтан бар күш-жігерді жұмсап, матчтың соңына дейін концентрацияны жоғалтпау маңызды. Өкінішке қарай, екінші таймдағы көрініс біздің клубтың бейнесіне мүлде сай емес. Бұл — “Қайрат” емес", — деді ол.