Қазақстандық даңқты гимнасшы жеке баспанаға зәру

Редактор Penalty.kz
16.05.2025, 17:17

Милад Каримидің баспана мәселесі алаңдатып жүр. Ол былтыр әлем кубогында сегіз мәрте жүлдеге ілігіп, 6 рет алтын медаль еншілеген. 

NUR.KZ

Баспана мәселесі: уақытша шешім

Милад Карими бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде ата-анасымен бірге жалдамалы пәтерде тұратынын айтқан. Алайда кейінгі жылдары бұл жағдай сәл де болса өзгерді.

"Сол сұхбаттан бері баспана мәселесі жартылай шешімін тапты. 2021 жылы Токио Олимпиадасында әлемнің ең үздік бес гимнастшысының қатарына еніп, жақсы нәтиже көрсеттім. Бұл жетістік менің спорттық мансабымда ғана емес, жалпы өмірімде де маңызды кезең болды. Алматы қаласының әкімдігінің қолдауының арқасында маған уақытша баспана берілді. Бұл кезеңде мұндай көмек маған зор қолдау болды. Қазір сол пәтерде тұрып жатырмын, бірақ ол менің жеке меншігім емес. Әрине, көпшілік секілді менің де өз баспанам болсын деген арманым бар. Уақыт өте бұл мәселе де шешімін табады деп үміттенемін", — деді спортшы.

Спорт — өмірлік мақсат

Қазір Карими 2025 жылдың қазан айында Джакартада өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Оның айтуынша, бұл жай жарыс емес, еліміздегі спорттың болашағы үшін маңызды қадам.

"Алдағы жоспарым тек спортпен байланысты. Негізгі мақсат — 2025 жылдың 19-25 қазан аралығында Индонезияның Джакарта қаласында өтетін әлем чемпионатында жақсы өнер көрсету. Әр жарыста, әр жаттығуда елім үшін бар күшімді саламын. Мен үшін бұл тек жеке жетістік емес, Қазақстандағы спорттық гимнастиканың дамуына қосқан үлес. Бұл менің өмірлік ісім. Спорттық мансабым аяқталғаннан кейін де гимнастиканы дәріптеп, жастарға көмектескім келеді. Еліміздегі гимнастиканың нығайып, биіктерге шығуына барымды саламын", — деп түйіндеді әйгілі спортшы.