21 жастағы Ибрахим Ирисматов суға кетіп, қайтыс болды.
Қазақстандық бокс әлемінде қайғылы хабар тіркелді. Шымкент қаласының жас спортшысы — Ибрахим Ирисматов Ыстықкөл көлінде суға батып, көз жұмды, деп хабарлайды Kozachkov offside Telegram арнасы.
Марқұм 2003 жылы дүниеге келген. Оның мезгілсіз қазасы қазақстандық спортшылар мен жанкүйерлер арасында терең күйзеліс тудырды.
Қайғылы оқиға орын алған уақытта Ыстықкөл жағалауында 22 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқан. Дегенмен, Ирисматов бұл жиынға қатыспаған.
Қазақстан бокс федерациясының ресми ақпаратына сәйкес, Ирисматов демалыс мақсатында келген және басқа демалыс базасында тұрған.
9 шілде күні Ибрахим Ирисматовтың денесі туған жері Шымкентке жеткізіліп, туыстары мен жақындарына табысталды.