Қазақстандық танымал бапкер, Геннадий Головкиннің экс-жаттықтырушысы Серік Қалиев 22 жыл түрмеде отырған соң бостандыққа шықты.
Серік Қалиев кезінде тек GGG емес, сондай-ақ Серік Елеуов пен Павел Сторожук секілді боксшыларды да жаттықтырған. Ол 2000 жылдардың басында Қазақстан әуесқой бокс федерациясының сол кездегі президенті Асқар Құлыбаевқа қастандық жасауға оқталды деген айыппен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған еді.
Бапкердің адвокаты Айман Омарова Қалиевтің жағдайын былай сипаттады:
"Серік өзін тозақтан қайтып келгендей сезінеді. Ол 22 жыл бойы түрмеде отырды. Бұл уақыт ішінде ұлының, немерелерінің қалай өскенін көре алмады. Түрмеде отырып ол С гепатитіне шалдықты, бірнеше созылмалы ауруға ұшырады. Сондықтан да кейбіреулер оның босатылуын қасақана кешіктірді", — деді адвокат.
Серік Қалиевтің есімі қазақстандық бокста 1990–2000 жылдары кеңінен танымал болды. Оның жаттықтырушылық тәжірибесі мен көзқарасы бірнеше чемпионның қалыптасуына ықпал етті. Алайда жеке өміріндегі қателік оның тағдырын күрт өзгертіп жіберді.