Қазақстанның жастар құрамасы ӘЧ 1/8 финалға жолдама алып, үлкен жетістікке жетті.
Қазақстандықтар топтық кезеңнің соңғы турында Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Ойынға дейінгі жағдай мынадай болды:
Қазақстан құрамасына плей-оффқа шығу үшін кез келген есеппен жеңіс қажет болды. 3:2 есебі төртінші орынға жеткізсе, 3:1 немесе 3:0 жеңісі үшінші орынға шығаратын еді.
Айта кетейік, былтыр осы құрамдар U20 Азия чемпионатында кездесіп, онда Оңтүстік Корея 3:1 есебімен жеңіске жеткен. Сол турнирде кореялықтар финалға дейін жетіп, тек Ираннан ұтылды.
Сол себепті бүгінгі матч алдында Корея фаворит саналды. Олар алғашқы сетте айқын басымдықпен жеңіп, мықтылығын бірден көрсетті.
Алайда қазақстандықтар нағыз мінез танытып, келесі үш партияны қатарынан жеңіп алды.
Қорытынды есеп: 3:1 (17:25, 25:23, 25:22, 25:22) – Қазақстан құрамасының пайдасына.
Бұл жеңістің арқасында біздің жігіттер В тобының үшінші орнына көтеріліп, сенсациялық түрде әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Қазақстанның 1/8 финалдағы қарсыласы жақын күндері белгілі болады. Жанкүйерлер жастар құрамасынан жаңа сенсация күтіп отыр.