ЖБ! Шоудың кезекті шығарылымында Ермұхамед Мәулен футболдағы билет сату мен алыпсатарлар жайлы оқиғаларды әңгімелеп берді.
Жанкүйерлер «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынына билет сатылымын тағатсыздана күтіп жүр. Сатылым ашыла салысымен 23 мың билет небәрі 23 минут ішінде жоқ болып кететіні бәрімізге белгілі. Бірақ 15-20 жыл бұрын жағдай мүлдем басқа еді – ол кезде билетке қол жеткізу үшін жанкүйерлер қандай айла-шарғыға барды?
1990-2000 жылдары футболға бару – бүгінгідей емес еді. Мүлдем басқа заман болатын.
Ақшасы жоқтар түрлі қулық ойлап табатын: біреулер стадион қызметкерлеріне пара беріп кірсе, енді бірі “тесік” іздеп кетуші еді. Осы туралы ЖБ-ның кезекті шығарылымында танымал журналист Ермұхамед Мәулен айтып берді.
Қазір технология дамыды: түрлі платформалар арқылы билет онлайн сатылып, әр адам өз орнын алдын ала таңдай алады. Бірақ соған қарамастан, үлкен матчтарда сұраныс тым жоғары болғандықтан, алыпсатарлықтың «цифрлық түрі» де жоқ емес.