Аралас жекпе-жек шебері Әнуарбек Бекембетов, TikTok-та «Әнуарбек-мотиватор» атымен танылған спортшы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, полиция әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде ер адамның агрессивті әрекеттер көрсеткен видеосын анықтаған.
Онда реалити-жоба қатысушысы және әуесқой жекпе-жек спортшысы бейәдеп сөздер айтып, күш қолдану арқылы өзін «күшті әрі батыл адам» ретінде көрсеткен.
Полиция бейнежазба авторын дереу анықтап, ұстаған. Тергеу барысында ол роликтің постановкалық, яғни арнайы түсірілген контент екенін, тек көбірек қаралым мен лайк жинау мақсатында жасалғанын мойындаған.
Нәтижесінде спортшыға қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша іс қозғалып, сот шешімімен 15 тәулікке қамалды.
Министрлік мәлімдегендей, мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзады және жастардың құндылықтарына теріс әсер етеді.
«Агрессия, дөрекілік және жалған “күш көрсету” — бұл норма емес. Әсіресе спортшылар қоғамда тәртіп пен үлгі көрсетуі тиіс. Мұндай “постановкалық шоу” жастардың санасын бұрмалайды.
ІІМ интернеттегі зорлық пен бейәдеп мінез-құлық арқылы танымал болуға тырысатындардың әрекеттерін қатаң түрде тоқтатуды жалғастырады», — делінген ресми хабарламада.