Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Абай Қонысбаев Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатында ерекше нәтиже көрсетті.
Маңғыстау облысының құтқарушысы Абай Қонысбаев Эр-Риядта өткен өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатында жарқырап, әлемдік TikTok жұлдызына айналды. Оның найзағайдай жылдамдығы Қазақстан құрамасын үздік төрттікке шығарды.
Қонысбаев штурм баспалдағына өрмелеу сайысында 13,76 секунд, ал 100 метрлік кедергі жолағында 16,24 секунд нәтижемен мәреге жетті.
Бұл көрсеткіштер Қазақстан құрамасының жалпы ұпайына айтарлықтай әсер етіп, елді әлемнің үздік төрт командасы қатарына шығарды.
Абайдың жарыстағы видеосы TikTok желісінде нағыз вирусқа айналды — бірнеше сағат ішінде мыңдаған қаралым жинап, пікірлер қарша борады.
Пайдаланушылар оны «Найзағай адам» деп атап, оның қозғалысындағы дәлдік пен жылдамдыққа таңғалысын жасырмады.
Абай Қонысбаев өрт-құтқару спортымен жеті жылдан бері айналысып келеді. Оның жеке бапкері — Айбек Хибатов, ол шәкіртінің табысына ерекше мақтанатынын айтты.
Эр-Риядтағы бұл жарыс — Қонысбаевтың әлемдік деңгейдегі алғашқы қатысуы, және бірден осындай жетістікке жету — оның еңбекқорлығы мен табандылығының айғағы.