Реклама
Реклама

Қазақстан құрамасы Токиоға жол тартты

Сарапшы, спорт журналисі
08.11.2025, 16:45

Алматыда Қазақстан құрамасын XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына шығарып салу салтанаты өтті. Бұл беделді жарыс 15–26 қараша аралығында Жапонияның Токио қаласында өтеді.

sportarena.kz

Алматыда ұлттық құраманы шығарып салу рәсімі өтті

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстанның Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қатысты.

Салтанатты рәсім барысында Ербол Мырзабосынов құраманың ту ұстаушылары – дзюдодан спорт шеберлері, өткен Сурдлимпиаданың жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Крамороваға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын табыстады.

«Жазғы Сурдлимпиада ойындары – елдің спорттық әлеуетін көрсететін маңызды алаң. Бұл – әр спортшының арманына жету жолындағы үлкен белес. Сіздердің қайсар рухтарыңыз бен жеңіске деген ерік-жігерлеріңіз адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейді. Бүгін табысталып отырған Ту – бірлік пен жеңістің нышаны. Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды биікке көтеретініңізге сенемін», – деді министр.

Спорт инфрақұрылымын дамыту

Ербол Мырзабосынов елде спортшылардың кәсіби дамуына бар жағдай жасалып жатқанын атап өтті:

  • 2029 жылға дейін 113 жаңа спорт нысанын салу,
  • 26 нысанды қайта жаңарту жоспарланған;
  • «100 жылдам салынатын модульдік спорт кешені» жобасы жалғасуда – соңғы жылы 25 жаңа кешен пайдалануға берілді;
  • Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр, ол спортшыларды бастапқы дайындықтан жоғары жетістік деңгейіне дейін даярлайтын толық жүйені қамтамасыз етпек.

«Бүгін – ерекше күн. Сурдлимпиадада Қазақстанның туын алып шығу – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Бұл – әрбір спортшының арманы. Біз ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырына көтерілу үшін бар күшімізді саламыз!» – деді ту ұстаушы Айдос Түгелбаев.

Қазақстан атынан 78 спортшы сынға түседі

Қазақстан құрамасы Токиода өтетін Сурдлимпиадада 8 спорт түрі бойынша бақ сынайды: жеңіл атлетика, еркін және грек-рим күресі, бадминтон, үстел теннисі, жүзу, дзюдо және таэквондо.

Биылғы ойындарға 80 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 223 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Реклама
Реклама