Францияның шаңғы спорты федерациясының (FFS) тәртіптік комитеті әйгілі биатлоншы Жюлья Симонды жарыстардан алты айға шеттетті.
Осы шешімге сәйкес, 29 жастағы спортшы 2025 жылғы 29 қараша мен 7 желтоқсан аралығында Швецияның Эстерсунд қаласында өтетін биатлоннан әлем кубогының алғашқы кезеңіне қатыса алмайды.
Шешім 7 қарашадан бастап күшіне енді. Сонымен қатар Симонға 30 мың еуро көлемінде айыппұл салынды, оның 15 мыңы шартты төлем ретінде қарастырылған.
Даулы жағдай 2022 жылы Норвегияда өткен Blinkfestivalen роликті шаңғы фестивалінде болды. Сол кезде екі спортшы, соның ішінде француз биатлоншысы Жюстин Бреза-Буше полицияға шағым түсірген.
Тергеу барысында Симон басқа адамдардың банк карталарын интернет-дүкендерде пайдаланып, сатып алу жасағаны дәлелденді.
Құқық қорғау органдары үш жәбірленушіні, соның ішінде Бреза-Бушені де ресми түрде анықтады.
Жюлья Симон — 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасының күміс жүлдегері (аралас эстафета), сондай-ақ 2022/23 маусымының жалпы есебінде әлем кубогының иегері.