Дінмұхамбет Сүлейменов Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабына кіріп, команданың бас бапкерінің ассистенті болып тағайындалды.
Сүлейменов Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Рикардо Камара Собралдың (Какау) штабында жұмыс істейді. Бұған дейін ол Какаудың жетекшілігімен ұлттық құрамада және «Қайрат» АФК сапында ойнап, клубтық және халықаралық деңгейде бірқатар жетістікке жеткен.
Дінмұхамбет Сүлейменов кәсіби мансабын 1999 жылы «Ақтау» МФК құрамында бастады. 2001 жылы Тегеранда Иран құрамасына қарсы өткен матчта Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында дебют жасады.
«Қайрат» құрамында ол Қазақстанның он дүркін чемпионы, футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазы атанды. Ұлттық құрама сапында — 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, әлем және Азия чемпионаттарының қатысушысы. Үш рет Қазақстанның ең үздік футзалшысы деп танылды.

Қазақстан құрамасы сапында Дінмұхамбет Сүлейменов 100 матч өткізді және команда тарихында ең көп ойын өткізген футболшылардың бірі болып табылады. Бұл көрсеткіш бойынша ол тек Игита мен Шыңғыс Есенамановқа ғана жол береді. Көп жылдар бойы ұлттық құраманың капитаны болып, оның басты көшбасшыларының бірі саналды.
Ойыншылық мансабын аяқтағаннан кейін футзалдан «Каспий» командасының бас бапкері болып жұмыс істеді, сондай-ақ «Ордабасы» клубының жаттықтырушылар штабына кірді. Қазіргі уақытта «Тараз-Омега» командасының бас бапкері қызметін атқарады.