Daily Express басылымы жазған мәліметке сүйенсек, аты аңызға анйалған спортшы бұрынғыдай төсекке таңылып жатқан жоқ.
Басылым дерегінше, қазір Шумахер медбикелердің көмегімен мүгедектер арбасында үй ішінде қозғала алады. Бұған дейін ол шаңғыдағы ауыр жарақаттан соң ұзақ уақыт бойы төсекке таңылған.
Шумахер Майорка аралындағы Лас-Брисас ауданында орналасқан үлкен үйінде арнайы күтімде. Оның үйіне тек туыстары және жақындары кіре алады. Сол санаулы қонақтардың бірі ретінде Ferrari командасының бұрынғы жетекшісі Жан Тодт аталады.
Жан Тодт Шумахермен жиі кездесіп, оған ерекше жылылықпен қарайды. Олардың байланысы әлдеқашан бұрынғы жұмыс қатынасынан да асып кеткен.
Еске салайық, 2013 жылдың соңында Михаэль Шумахер Альпіде ұлымен және оның достарымен шаңғы теуіп жүрген кезде апатқа ұшыраған. Ол еңістен шығып кетіп, тасқа соғылып құлап, басын қатты жарақаттаған. Дулығасы жарылып, спортшыға бірнеше операция жасалғаны хабарланған.
RTL журналисі Феликс Горнердің сөзінше, Шумахердің жағдайы нашарлап, тіпті сөйлей алмай қалған. Журналист Шумахердің айналасында бар болғаны шамамен 20 адам ғана бар екенін де жеткізген.
Былтыр Михаэль Шумахер мінген Ferrari F2001 көлігі аукционда 18,17 млн долларға сатылған. Дәл осы болидпен ол 2001 жылғы “Формула-1” маусымында өнер көрсеткен.