Ертең Өскеменде әйелдер арасында волейболдан Ұлттық лиганың үшінші ірі туры басталады. Бірақ тур қарсаңында ел жанкүйерлерін алаңдатқан жаңалық шықты. "Астана" волейбол клубы ойындарға Сәбина Алтынбековасыз келген.
Сәбина Алтынбекова команданың осы турға арналған ресми өтініміне енгізілмеген. Бұл оның кемінде осы кезеңде елордалық ұжым сапында ойнамайтынын аңғартады.
Айта кетейік, бұған дейін өткен 3-шағын турда Алтынбекова "Астананың" негізгі құрамындағы орнын жоғалтқан еді. Сол кезден бері оның командадағы рөліне қатысты түрлі болжам айтыла бастады.
Тағы бір маңызды деталь. Екі күн бұрын волейболшы Instagram сторис жариялап, геолокация ретінде "Әзербайжан, Баку" қаласын көрсеткен. Бұл Алтынбекованың қазір Қазақстаннан тыс жерде жүргенін білдіреді.

Еске салайық, Сәбина Алтынбекова өткен жазда 4 жыл шетелде ойнағаннан кейін Қазақстанға оралып, "Астана" клубымен келісімшарт жасаған. Алайда елордалықтар биылғы маусымда Ұлттық лигада 17 ойын өткізіп, бірде-бір ұпай еншілеген жоқ.