1-10 сәуір аралығында Үндістанның Гандинагар қаласында ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді.
Сәуірдің басында Үндістанның Гандинагар қаласында ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан құрлықтық дода өтеді. Оған Қазақстан құрамасы да қатысады. Ел намысын 8 спортшы қорғайды.
Ұлттық құраманың жетекші спортшыларына тоқталар болсақ, олар қазіргі таңда заң бойынша басымдық берілген халықаралық жарыстарға дайындалуда. Яғни Жапонияда өтетін Азия ойындары, Қытайдағы Әлем чемпионаты және АҚШ-та болатын Олимпиада-2028 бар.
Туризм және спорт министрлігінің шешімі бойынша, Азия чемпионаты енді басымдылыққа ие жарыстар қатарына кірмейді.
Ауыр атлетика тарихына көз жүгіртсек аталған спорт елімізде 1935 жылдан бастап дамып келеді. Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары жалпы 17 медаль жеңіп алған: 6 алтын, 5 күміс, 6 қола. Бұл көрсеткіштер еліміздің ауыр атлетикада халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді. Ауыр атлетика федерациясының дерегі бойынша республика бойынша қазір 5000-нан астам зілтемірші бар.