Қазақстандық абсолютті әлем чемпионы мансабындағы жаңа кезеңді жариялады

Сарапшы, спорт журналисі
26.03.2026, 23:01

Қазақстандық конькиші Кристина Шумекова әлеуметтік желідегі жазбасымен жанкүйерлерінің назарын аударды. 

instagram/@_shumekova_

Жаңа кезең

Конькимен жүгіруші Кристина Шумекова әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа жазба жариялап, спорттық жолындағы маңызды кезеңге тоқталды.

Бес дүркін әлем чемпионы Instagram-дағы аккаунтында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіп алған алты медалін көрсетті. Жарияланым астында ол қысқа да нұсқа жазба қалдырды:

"Осы кезең үшін алғыс айтамын және келесі белеске дайынмын", — деп жазды спортшы.

Шумекованың тарихи жетістігі

2026 жылдың наурыз айында 19 жастағы Кристина Шумекова Германияның Инцелль қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында абсолютті әлем чемпионы атанды.

Қазақстандық спортшы аталған додада жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы саны алты жүлдеге ие болды. Оның ішінде:

  • 500 метр қашықтықта — алтын медаль,
  • 1000 метр қашықтықта — алтын медаль,
  • 1500 метр қашықтықта — алтын медаль,
  • әйелдер командалық жарысында — алтын медаль,
  • кіші көпсайыста — алтын медаль,
  • 3000 метр қашықтықта — күміс медаль.

Қазақстан чемпионатында да топ жарды

Шумекова әлемдік аренадағы жарқын жеңістерден кейін 18 наурызда Қазақстан чемпионатында да сәтті өнер көрсетті. Бұл жарыста 3000 метр қашықтықта алтын медаль иемденсе, 1000 метр қашықтықта да бәрін шаң қаптырып кетті. 

Алдағы жылы талантты қазақстандық спортшы ересектер санатына ауысады. Бұл — Кристина Шумекованың мансабындағы жаңа әрі жауапты кезең болмақ.

Реклама
Реклама