Трансгендер спортшыларға қатысты талап күшейтілді
Халықаралық Олимпиада комитеті әйелдер арасындағы жарыстарға қатысуға байланысты жаңа ереже қабылдады. Енді Олимпиада ойындарына тек биологиялық әйелдер қатыса алады.
Жаңа талаптарға сәйкес, спортшылар арнайы генетикалық тексерістен өтеді. Негізгі критерий – SRY генінің болмауы. Бұл ген ер адамдарда кездеседі және жыныстық дамумен байланысты. Комитет мәліметінше, тест бір рет қана жүргізіліп, нәтижесі өмір бойы жарамды болады. ХОК президенті Кирсти Ковентри жаңа талаптың ғылыми деректерге негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, жоғары деңгейдегі спортта әйелдер санатында тең бәсекелестікті сақтау маңызды. Жаңартылған талап 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы кезінде күшіне енеді.
"Олимпиада ойындарында тіпті ең кішкентай артықшылық жеңіс пен жеңіліс арасындағы шешуші фактор болуы мүмкін. Биологиялық ер адамдардың әйелдер санатында бәсекелесуі әділетсіз болатыны анық. Сонымен қатар, кейбір спорт түрлерінде бұл қауіп тудырады".
Бұрынғы саясаттан айырмашылығы
2021 жылдан бері ХОК трансгендер спортшыларға қатысты нақты бірыңғай ереже енгізбей, бұл мәселені халықаралық федерациялардың құзырына берген еді. Жеңіл атлетика, жүзу, велоспорт және ескек есуге қатысуға тыйым салынғанымен, көптеген басқа спорт түрлерінде трансгендер әйелдерге тестостерон деңгейі төмендеген жағдайда жарыстарға қатысуға рұқсат етілді. Олимпиада ойындарына қатысқан алғашқы трансгендер әйел жаңа зеландиялық Лорел Хаббард. Ол 2020 жылы Токио Олимпиадасында ауыр атлетикадан әйелдер құрамасына кірді.
Сонымен қатар, биыл АҚШ президенті Дональд Трамп трансгендерлерге әйелдер санатындағы жарыстарға қатысуға тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Ел басшысы АҚШ-тағы ойындарға қатысуға тырысатын трансгендерлік спортшыларға виза беруден бас тартатынын айтты.