Бибісара Асаубаева Үміткерлер турнирінде ресейлікке қарсы ойнады

Сарапшы, спорт журналисі
30.03.2026, 22:30

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Кипрдің Пейя қаласында өтіп жатқан Үміткерлер турнирі-2026 аясында кезекті партиясын өткізді.

instagram/@fide_chess

Екінші турда кіммен ойнады?

Қазақстандық шахматшы турнирдің екінші айналымында ресейлік Александра Горячкинамен кездесіп, ойынды тең нәтижемен аяқтады.

Осылайша Бибісара жарыстағы екінші партиясында да қарсыласына есе жіберген жоқ.

Айта кетейік, Асаубаева алғашқы турда да тең есеп тіркеген. Ол Үндістан өкілі Вайшали Рамешбабумен ұпай бөлісті. 

Екі тур қорытындысы бойынша Бибісара Асаубаева турнирдегі тұрақты ойынын көрсетіп келеді.

Келесі қарсыластары кім?

Алдағы матчтарда қазақстандық спортшыны өте мықты қарсыластар күтіп тұр. Келесі партияда ол қытайлық Чжу Цзиньэрмен кездеседі. Бұдан кейін тағы бір Қытай өкілі — Тань Чжунъиға қарсы ойнайды.

Үміткерлер турнирі екі айналымнан тұратын дөңгелек жүйе бойынша өтеді. Яғни әрбір қатысушы қарсыластарымен екі реттен ойнайды.

Реклама
Реклама