Қызылордада Қазақстан чемпионатының алғашқы финалистері анықталды
Өткен демалыс күндері Қазақстан Республикасы бәйге чемпионатының маусымы – OLIMPBET 2026 басталды. Алғашқы кезеңде қатысушылар 35 миллион теңге жүлде қорын ғана емес, жылдың гранд-финалына қатысу жолдамасын сарапқа салды.
Құнан бәйге (7 км)
7 шақырымдық қашықтықта екі жарыс өтті. Қазақстанда туған жылқылар арасындағы 11 қатысушының ішінде Байғасыр (шабандоз Ержан Нұрсұлтан, бапкер Санат Рысқұлов) жеңімпаз атанды.
Ал 18 тұлпар қатысқан ашық жарыста Қарақат (шабандоз Бақытбек, бапкер Қуанышбек Досжан) топ жарды.
Топ бәйге (12 км)
Ең көп қатысушы жиналған жарыс – топ бәйге болды. 24 спортшы бақ сынаған бұл додада бірінші орынды Орда иеленді. Шабандозы – Абзал Тұрғанбек (бапкер Жамбыл Бөбекбай, Алматы облысы).
Аламан бәйге (18 км)
Ең ұзақ қашықтықта да екі жарыс өтті. Отандық тұқымдағы жылқылар арасында Шалкиіз (шабандоз Мерей Ғарипуллин, бапкер Жамбыл Бөбекбай) бірінші болып мәреге жетті.
Ал негізгі аламан бәйгеде алтын жүлдені Найза (шабандоз Нұрсилам Сайлау, бапкер Дәурен Өміржанов) жеңіп алды.
Тур қорытындысы бойынша ең нәтижелі бапкер – Алматы облысының өкілі Жамбыл Бөбекбай атанды. Оның шәкірттері түрлі дисциплиналарда екі алтын және екі жүлделі орын иеленді.
"Өткен жылғы рекордтық маусымнан кейін ұлттық мұраға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Olimpbet үшін бұл ұзақмерзімді әріптестік: бізге турнирдің ауқымын кеңейтуге, оны кәсіби әрі қазақстандық атбегілер үшін тартымды етуге көмектесу маңызды. Қызылордада тартысты бәсекені көрдік – бұл бәйгенің қарқынды дамып келе жатқанын және алда қызықты маусым күтіп тұрғанын көрсетеді", - деді Olimpbet компаниясының даму жөніндегі директоры – ҚР бәйге федерациясының бас серіктесі Абзал Қалиев.
Қазақстан чемпионатының келесі кезеңі – Olimpbet бәйгесі 16 мамыр күні Талдықорғанда өтеді.