Формула-1 Түркияға оралады

Сарапшы, спорт журналисі
25.04.2026, 09:00

Жаңа келісімге ел президенті Режеп Тайып Ердоған, Формула-1 басшысы Стефано Доменикали және FIA президенті Мохаммед Бен Сулайем қол қойды.

Формула-1

Келер жылдан бастап "Стамбул Парк" трассасы жарыс күнтізбесіне енгізіліп, кемінде бес жыл бойы 2031 жылға дейін Гран-при өткізіледі. Қазіргі таңда ұйымдастыру жұмыстары басталып кеткен.

"Формула-1 әлемдегі ең беделді спорттық жарыстардың бірі. Ол ойын-сауықпен, аудиторияның жастар болуымен және автомобиль технологиясының көшбасшылығымен ерекшеленеді”, - деді Түркия басшысы.

Формула-1 соңғы жылдары нарықта жаһандық аудиториясын кеңейтуде. Ердоғанның айтуынша, Түркияда автожарысты 19 миллионға жуық адам бақылайды.

“Біз 2027 жылы Түркиядағы және бүкіл әлемдегі барлық жанкүйерлерімізді ең қызықты және қиын трассалардың бірінде қуанту үшін Ыстамбұлға оралғанымызға қуаныштымыз. Ыстамбұл Еуропа мен Азия арасында мәдени қақпа атанған қала", - деді Формула-1 президенті.

Қандай трассада өткізіледі

“Стамбул Парк” трассасы техникалық күрделілігімен танымал, ұзындығы 5,3 км, 14 бұрылыстан тұрады. Ең әйгілі бөлігі 8-бұрылыс, жарыс жоғары жылдамдықпен өтетіндіктен пилоттар үшін ең қиын учаскелердің бірі саналады. Трассада 2005 жылы алғаш рет Формула-1 кезеңі өткізілген.

2011 жылға дейін 9 Гран-при тұрақты түрде өтті, кейін күнтізбеден шығарылды. Пандемия кезінде 2020-2021 жылдары уақытша қайта оралды. 2020 жылы дәл осы жерде Льюис Хэмилтон жетінші чемпиондық титулын жеңіп алып, Михаэль Шумахердің рекордын қайталады. 

Биыл Түркия сайысты өткізе алмаған

2021 жылғы Гран-приден кейін Түркия чемпионатқа оралу туралы келіссөздерді жалғастырды, бірақ кейіннен қаржылық тығырыққа тірелген. 2024 жылы F1 Pirelli дөңгелек жеткізуші өкілі Лале Джандердің компаниясы шамамен 117 миллион доллар төлеп, 30 жылға “Стамбул парк” трассасын басқару құқығын алды. Мәміле шарттарына сәйкес, жаңа басқарушы келісімшарт аясында Формула-1 ойындарын 2026 жылы елде өткізуі керек еді. Бірақ Түркияның автомобиль спорт федерациясымен бірлескен келіссөздер тоқтап қалған.

Реклама
Реклама