"Астана" ВТБ Бірыңғай лигасына оралады
Елордалық баскетбол клубы бір маусымдық үзілістен кейін ВТБ Бірыңғай лигасына қайта қатысуға өтініш берді.
"Астананың" өтініші қаралып жатыр
Қазір елордалық клубтың құжаттары лига басшылығының қарауында. Жаңа маусымға қатысуға ниет білдірген командалардың қатарында Владивостоктың "Динамосы" да бар.
ВТБ Бірыңғай лигасының мәліметінше, 2026/27 жылғы маусымға қатысу үшін өтініштер белгіленген мерзімге дейін қабылданған. Қолданыстағы клубтардың ішінде тек "Самара" өтініш жолдамаған.
"Лиганың барлық клубы, “Самарадан” бөлек 2026/27 маусымына қатысуға өтінішті белгіленген мерзімде — 30 сәуірге дейін жіберді. Сонымен қатар екі жаңа өтініш бар: “Астана” және Владивостоктың “Динамосы”. Бұл екі клубтың құжаттары қаралып жатыр", — делінген лига хабарламасында.
"Астана" ВТБ лигасында қашаннан бері ойнады?
"Астана" ВТБ Бірыңғай лигасында 2011/12 маусымынан бастап өнер көрсеткен. Қазақстандық клуб ұзақ жылдар бойы ел намысын халықаралық деңгейде қорғап келді.
Дегенмен өткен маусымда команда турнирге қатыса алмады. Бұған Қазақстандағы спорт туралы жаңа заңға байланысты легионерлерді пайдалану мәселесі себеп болған еді.