Жарнама
Жарнама

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында Бельгияны ойсырата жеңді

Соккадан Қазақстан құрамасы Германияның Эссен қаласындағы әлем чемпионатында үшінші жеңісіне жетті.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында Бельгияны ойсырата жеңді
instagram/@internationalsoccafed

Бес ойыншы бір-бір голдан соқты

Қазақстан құрамасы H тобындағы үшінші турда матч тізгінін толық өз қолында ұстап, қарсылас қақпасына бес гол соқты. Ұлттық команда сапында Азамат Сейфуллин, Ержан Жарлығағанов, Темірлан Әділов, Ғалым Райханов және Диас Егінжанов нәтижелі соққылармен ерекшеленді. 

Бельгия құрамасы бұған бір голмен ғана жауап қайтара алды. Кездесудің қорытынды есебі – 5:1.

Қазақстан үш матчта 26 гол соқты

Қазақстандық футболшылар әлем чемпионатындағы алғашқы екі ойынында да қарсыластарына мүмкіндік бермеген еді. Турнирдің алғашқы турында Ирак құрамасы 13:1 есебімен жеңілсе, келесі кездесуде Түркия командасы 8:1 есебімен тізе бүкті.

Сөйтіп отандастырымыз үш матчта 26 гол соғып, өз қақпасына небәрі үш доп жіберді.

H тобында Қазақстан, Бельгия, Ирак және Түркиядан бөлек, Гаити құрамасы да өнер көрсетеді. Ұлттық құрама Германиядағы додаға Еуропаның вице-чемпионы әрі әлемдік рейтингтің бірінші нөмірі мәртебесінде келді.

Жарнама
Жарнама