Жарнама
Жарнама

Қазақстан Көшпенділер ойындарының жүргізушісіне автокөлік сыйлады

Қазақстан көкпар федерациясының өкілдері VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын жүргізген қырғызстандық Айзада Жамгырчиеваға жаңа автокөлік табыстады.

Қазақстан Көшпенділер ойындарының жүргізушісіне автокөлік сыйлады
фото әлеуметтік желіден

Айзада Жамгырчиева көптің есінде қалды

Жүргізуші Көшпенділер ойындарындағы тулар шеруі кезінде Қазақстан құрамасының стадионға шығуын ерекше көңіл күймен хабарлаған еді. Оның әсерлі сөзі мен қазақ спортшыларына білдірген қолдауы әлеуметтік желіде кеңінен тарады.

Айзада Жамгырчиеваға жаңа автокөлік кілтін  Қазақстан көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров табыстады. Бағалы сыйлық көкпар жарысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде берілді.

Күтпеген сыйлық 

Айзада Жамгырчиева күтпеген тартуға риза болғанын айтып, қазақ және қырғыз жанкүйерлерінің бірлігіне ерекше тоқталды.

"Көшпенділер ойындарында қырғыз және қазақ жанкүйерлерінің қолдауы мен трибунадағы эмоция ерекше атмосфера қалыптастырды. Алайда бүгінгі күн мен үшін мүлде күтпеген жаңалыққа толы болды. Қазақстан көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров маған темір тұлпар — автокөлік сыйлады.

Шынымды айтсам, мұндай сыйлықты мүлде күткен жоқпын. Бұл мен үшін жай ғана тарту емес. Қазақстанға білдірген қолдауымның еленіп, жоғары бағаланғанын көрсететін құрметтің белгісі.

Айдарбек Қожаназаров пен Қазақстан көкпар федерациясына алғысымды білдіремін! Осындай сәттер қырғыз бен қазақтың бауырластығы жай сөз емес екенін тағы бір дәлелдейді. Екі халықтың достығы нығая берсін! Қырғыз бен қазақ — мәңгі бауыр!" — деп жазды жүргізуші Instagram парақшасында.

Қырғызстан көкпарда жеңіске жетті

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы көкпар турнирінің шешуші кездесуінде Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездесті. Финалда жарыс қожайындары 7:2 есебімен басым түсті. Қазақстан құрамасы күміс медаль алды.

Көкпар финалындағы жеңіліске қарамастан Қазақстан құрамасы Көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық медаль есебінде көш бастады.

Қазақстан спортшылары:

  • 32 алтын;
  • 20 күміс;
  • 22 қола медаль жеңіп алды.

Екінші орынға 30 алтын, 35 күміс және 19 қола жүлде иеленген Қырғызстан жайғасты. Үздік бестіктің қатарынан Ресей, Моңғолия және Өзбекстан құрамалары да көрінді.

Жарнама
Жарнама