Өмір бойына теннистен шеттетілген екі спортшы Қазақстан атынан Азиадаға қатыспақ
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті 9 қыркүйекте Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін ХХ Жазғы Азия ойындарына баратын падел құрамасын ресми жариялады.
Паделден Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын тізіміне кәсіпқой теннисте өмір бойына дисквалификация алған Тимур Хабибулин мен Альбина Хабибулина енгізілді.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті 9 қыркүйекте Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін ХХ Жазғы Азия ойындарына баратын падел құрамасын ресми жариялады. Қазақстан атынан сегіз спортшы, яғни ерлер мен әйелдер арасында екі жұптан өнер көрсетеді.
Ерлер арасында:
- Евгений Данилов – Тимур Хабибулин;
- Родион Пак – Жақас Қозбақ.
Әйелдер арасында:
- Альбина Хабибулина – Мария Синицына;
- Әйгерім Сүлеймен – Татьяна Гиоргадзе.
Алайда Қазақстан құрамасының тізіміндегі Тимур және Альбина Хабибулиналардың есімі бұған дейін теннистегі келісілген матчтарға қатысты істермен байланысты болған.
Хабибулин 2014-2019 жылдар аралығындағы матчтарды манипуляциялауға байланысты 21 айып бойынша кінәлі деп танылды. 2023 жылы оған өмір бойғы дисквалификациямен қатар 60 мың доллар айыппұл салынды.
ITIA шешімі бойынша Хабибулинге ATP, WTA, ITF және төрт Grand Slam турнирін қоса алғанда, агенттік мүшелері ұйымдастыратын немесе мойындайтын теннис жарыстарына ойыншы, бапкер немесе қатысушы ретінде баруға өмір бойына тыйым салынған.
Кәсіби мансабында Тимур Хабибулин ATP жұптық рейтингінде 154-орынға дейін көтерілген және Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында өнер көрсетті.
Альбина Хабибулинаға қатысты шешім одан да ертерек – 2021 жылы шықты. Хабибулина теннистен өмір бойына шеттетіліп, 150 мың доллар айыппұл салынды.
Теннистегі дисквалификация паделге тарала ма?
ITIA жариялаған санкциялар Хабибулиндерге теннис ұйымдары санкциялаған жарыстарға қатысуға тыйым салады. Ашық ресми деректерде бұл дисквалификацияның бөлек спорт түрі саналатын падел жарыстарына немесе Азия ойындарына автоматты түрде таралатыны көрсетілмеген.