Асаубаеваның ресейлік шахматшыны жеңген партиясы жоғары бағаланды

Жарнама
Жарнама

Қазақстандық шахматшы Global Chess League турнирінде ресейлік Полина Шувалованы жеңуі халықаралық шахмат сарапшыларының назарын аударды. 

Асаубаеваның ресейлік шахматшыны жеңген партиясы жоғары бағаланды
chess.com

Chess.com Асаубаеваның жеңісін ерекше атады

Tech Mahindra Global Chess League турнирінде FYERS American Gambits командасының намысын қорғап жүрген Бибісара Асаубаева Ganges Grandmasters сапындағы Полина Шувалованы жеңді. Chess.com журналисі Энтони Левин American Gambits командасының осы кездесудегі жеңістерін саралай келе, қазақстандық шахматшының нәтижесін ең әсерлі партиялардың бірі ретінде бағалады.

Автордың айтуынша, Шувалова Асаубаевамен кездесуге дейін өте жақсы формада болған. Ресейлік шахматшы алғашқы жеті партиясында алты ұпай жинап, сол сәтте турнирдегі үздік жеке көрсеткішке ие еді.

"Ең әсерлі нәтиже, бәлкім, Асаубаеваның керемет формадағы Шувалованы жеңуі болды. Ол бұл турға жеті партиядан алты ұпай жинап келді және турнирдегі ең үздік жеке нәтижеге ие болған", – деп жазды Chess.com.

Асаубаеваның шешуші жүрісі аталды

Сарапшы партияның тағдырын шешкен маңызды сәтке де тоқталды. Оның пікірінше, Бибісараның 29.Rb7! жүрісі кездесудің басты эпизодына айналған. Бұл жүріс арқылы ақ тастар ферзьдерді айырбастауға мүмкіндік бермей, қарсыласына үлкен қысым жасаған.

Chess.com талдауында Асаубаеваның осы маневрінен кейін Qxf7 қатері туындап, қара тастардың оған лайықты жауап табуы өте қиын болғаны айтылады. Портал бұл комбинацияны партияның "жұлдызды жүрісі" деп бағалады.

Chess.com қазақстандық шахматшының турнирдегі алғашқы жеңісін дәл командаға қажет болған сәтте тіркегеніне де назар аударды.

"Асаубаева алғашқы жеңісіне ең маңызды сәтте қол жеткізді", – деп атап өтті басылым.

Осылайша Бибісара Асаубаеваның Полина Шуваловаға қарсы партиясы Global Chess League аясындағы есте қаларлық кездесулердің бірі ретінде халықаралық шахмат порталының жоғары бағасына ие болды.

Жарнама
Жарнама