Бибісара Асаубаева шахмат Олимпиадасында алғашқы жеңісіне жетті
Қазақстан әйелдер құрамасы Самарқандта өтіп жатқан 2026 жылғы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының төртінші турында Арменияны жеңді.
Армениядан басым түсті
Қазақстандық шахматшылар кездесуді 3:1 есебімен аяқтады. Бірінші тақтада қара тастармен ойнаған Бибісара Асаубаева (2536) Лилит Мкртчянды (2353) жеңді. Бұл — қазақстандық гроссмейстердің биылғы Олимпиададағы алғашқы жеңісі.
Елназ Қалиахмет (2347) те қара тастармен Сусанна Габояннан (2179) басым түсті.
Қалған екі партияда жеңімпаз анықталған жоқ:
Алуа Нұрман — Мариам Мкртчян — 0,5:0,5;
Меруерт Қамалиденова — Элина Даниелян — 0,5:0,5.
Төрт кездесуде төрт жеңіс
Қазақстан әйелдер құрамасы Олимпиададағы жеңісті сериясын жалғастырып, қатарынан төртінші матчын ұтты. Ұлттық команда мүмкін болған сегіз ұпайдың барлығын жинады.
Бұған дейін қазақстандық шахматшылар Ботсвананы 4:0, Босния және Герцеговинаны 3:1 есебімен жеңген. Үшінші турда Словения құрамасынан 3,5:0,5 нәтижесімен айқын басым түскен еді.
Ерлер Жапонияны жеңді
Ерлер арасындағы турнирде Қазақстан құрамасы бастапқы рейтингте 76-орынға жайғасқан Жапониямен күш сынасты. Кездесудің айқын фавориті саналған шахматшыларымыз сенімді ойнап, Олимпиададағы үшінші жеңісіне жетті. Есеп: 3,5:0,5.
Ертең бесінші турдың партиялары өтеді. 11 турдан тұратын жарыс 27 қыркүйекте аяқталады.