Шираз Әлімханұлымен жекпе-жекке қатысты нақты шешімін айтты
WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді,
Британдық боксшы бұл кездесуге келісетінін айтып, әзірге промоутерлік компаниялардың ешқайсысынан ресми қаржылық ұсыныс алмағанын жеткізді.
"Оның тест нәтижесі қолайсыз болды. Енді ол менің міндетті қарсыласым болып тағайындалды. Жақсы, біз жекпе-жек өткіземіз. Бұл кездесуді қабылдаймыз. Алға жылжиық. Әзірге ешкімнен ұсыныс алған жоқпын. DAZN-нан да, Queensberry-ден де, Top Rank-тен де ұсыныс түскен жоқ. Енді жекпе-жек промоутерлік саудаға өтеді. Не болатынын көрейік", – деді Хамза Шираз The Ring Magazine басылымына берген сұхбатында.
Жекпе-жек промоутерлік саудаға өтеді
Бұған дейін WBO Жәнібек Әлімханұлын Шираздың міндетті қарсыласы ретінде бекіткен болатын. Тараптар келісімге келе алмағандықтан, жекпе-жек промоутерлік сауда арқылы ұйымдастырылмақ.
2025 жылдың соңында WBO Жәнібек Әлімханұлын мельдонийге қатысты допинг-сынама нәтижесіне байланысты бір жылға шеттеткен еді. Кейін боксшының дисквалификациясы мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Ал 2026 жылдың тамызында WBO қазақстандық боксшының Хамза Ширазға қарсы міндетті қарсылас мәртебесін ресми түрде бекітті.