Елімізде 120 спорт түрін қаржыландыру тоқтатылады

Редактор Penalty.kz
13.11.2024, 13:39

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеді. 

Qmonitor.kz

Елімізде көптеген спорт федерацияларын қаржыландыру тоқтатылады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеді. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, Қазақстанның спорт саласында логикаға сәйкес келмейтін қадамдар мен шешімдер өте көп. Сол қадамдардың бірі Туризм және спорт министрлігінің Қазақстанда 180 спорт түрін тіркеуі. 

"Биатл, триатл, петанк, унифайт, текбол секілді ешкім білмейтін спорт түрлерін тіркеп, оны бюджеттен қаржыландырудың қажеті қанша? Мысалы, Ұлыбританияда тек қана 15 спорт түрі ғана тіркелген. Біздің көрші Өзбекстанда 17 спорт түрі тіркелген. Германияда 17 спорт түрі тіркелген. Ал енді Қазақстанда 180 спорт түрі тіркелген екен. Бұл енді не мырзалық деген сұрақ туады. Осы спорт түрлерінің тағдыры қандай болады және ешкім білмейтін спорт түрлеріне бюджеттен ақша беруді тоқтатамыз ба, жоқ па?" - деді Саиров. 

"Бүгінгі спорт саласындағы негізгі проблемалардың бірі, халықтың көкейіндегі сұрақ. Сондықтан қазіргі біздің мақсатымыз - мына 180 спорт түрлерінің ішінен басымды спорт түрлерін анықтау. Олимпиада, Паралимпиада, сурдлимпиада, Азия, Паразия ойындары және ұлттық спорт бағдарламаларына кіретін спорт түрлерін басым спорт түрлері ретінде бекітеміз. Оған 60-қа жуық спорт түрі кіреді. Қазір министрлік тарапынан мониторинг тобы құрылған. Әр өңірде анализ жасалып жатыр", - деп жауап берді министр. 

Осылайша, Қазақстанда 120 спорт түріне қаржыландыру тоқтатылмақ.