Қазақстандық спортшы фристайл-могулдан үш дүркін әлем чемпионы атанды

Редактор Penalty.kz
08.01.2025, 19:45

Анастасия Городко Алматыда фристайл-могулдан өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

liter.kz

Анастасия Городко параллель могул жарысында топ жарды. Ол финалда америкалық спортшы Риз Чапделайннан басым түсті. Қола жүлде тағы бір АҚШ өкілі Эбби Макларнонға бұйырды.

Кеше, 7 қаңтарда Анастасия жекелей сында күміс жүлде жеңіп алған еді. Спортшы финалда 70.79 ұпай жинап, жапониялық Юма Тагучиден кейін екінші орынға тұрақтаған болатын. Ал қола медальді тағы бір Жапония өкілі Мисе Курэа қанжығалады.

Қазір Анастасияның еншісінде жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарының үш алтыны бар. Ол 2022 жылғы әлем чемпионатында параллель могулда жеңіске жетіп, жекелей сында және аралас командалық сайыста екінші орын алды. Сонымен қатар 2024 жылғы әлем чемпионатында могулда бірінші, параллель могулда екінші орын еншіледі.