Туриндегі XXXII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ашылу салтанатында ту ұстап шығатын қазақстандық спортшылардың есімдері белгілі болды.
Қазақстан құрамасы атынан XXXII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ашылу салтанатында мемлекеттік туды алып шығу мәртебесі фристайлшы Аяулым Әмренова мен хоккейші Абылайхан Сүлейменовке жүктелді.
Аяулым Әмренова – фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі. Оның қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдары бар. Сондай-ақ ол Қазақстан атынан 2018 жылы Пхенчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан.
Абылайхан Сүлейменов – "Номад" хоккей командасының ойыншысы. Ол спорттық мансабында жастар лигасы, төрт ұлттық турнир, Қазақстан кубогы, Континенталь кубогы, АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада секілді жарыстарға қатысқан. АҚШ-та өткен Универсиадада Қазақстанның хоккей құрамасы 3-орынды иеленген еді.
Еске салайық, 2025 жылғы қысқы Универсиада 13-23 қаңтар аралығында Туринде (Италия) өтеді. Сайысқа 57 елден шамамен 2000 спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығын сарапқа салады.