Облыс орталығындағы жалғыз арнаулы мектептің мұз айдыны еріп кеткен.
Хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанаумен айналысатын 300-ден астам бала соңғы аптада мұз бетіне шықпай жүр, деп жазады 24kz.
Ата-аналар мен оқушылар мұндай жағдай жылда қайталанады деп отыр. Былтыр мұз айдынның компрессоры істен шығып, балалар сәуір айына дейін жаттыға алмаған. Соның кесірінен ел біріншілігінде өнер көрсеткен спортшылардың нәтижесі төмендеп кеткен.
“Қостанай, Ақтау, Орал қаласының фигуристтерінің деңгейін көрдік те мен кәдімгідей жыларман болып келдім. Себебі ең соңғы орындарды алып келді. Бізде қыстай мұз болмайды, сынып қалады. Үш айлап демалады. Мұзымызды жасап берсе, сол бізге, біздің ешқандай басқа талабымыз жоқ. Біздің балалардың басқа қалалар балаларынан ешқандай кемшілігі жоқ”, – дейді қала тұрғыны Гүлсима Бекеғұлова.
Бұл жолы мұз айдынындағы жылу алмастырғыш құралы істен шыққан. Оны жөндеуге кемінде 8 млн теңге қажет. Облыстық спорт басқармасы демеуші іздеудің қамымен жүр. Себебі бюджет есебінен жаңарту үшін мемлекеттік тапсырысты рәсімдеуге кемінде екі ай уақыт кетеді. Әзірге балаларды жеке мұз айдынына орналастыру жолы қарастырылып жатыр.
“Мұз сарайының басшылығы енді ақылы өткіземіз деп жатыр. Тағы бір сөйлесіп көреміз. Егер де бұған келіспей жатса онда ақысын төлеп жаттығу жасататын боламыз”, – деп мәлімдеді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы.