Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының үздік спортшыларының бірі, әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері Жанбота Алдабергенова мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады.
Спортшы бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жариялады:
"Әр нәрсенің басталуы бар, сол сияқты аяқталуы да болады. Өзімнің спорт түріме ризашылығым шексіз, өйткені ол маған аспанда қалықтаудың ләззатын сыйлады. Бұл сезімдерді қатты сағынатын боламын!
Спорт маған әлемді көруге, мықты рухты ерекше адамдармен танысуға мүмкіндік берді.
Командам мені әрдайым қолдап, бірге жетістікке жетті – сол үшін зор алғысымды білдіремін. Менің жолымды бөліскен барша жанға рахмет!" – деп жазды Алдабергенова.
Алдабергенова Олимпиада ойындарында жүлде ала алмағанына өкініш білдірсе де, Қазақстан үшін қол жеткізген нәтижелеріне қанағаттанатынын айтты:
"Өкінішке қарай Олимпиада жүлдесі бұйырмады. Бірақ мен Қазақстандағы бұл спорт түрінде ешкім жете алмаған жетістіктерге жеттім.
Ең бастысы – елімізден Олимпиада чемпионы шығатынына сенемін және соған үміт артамын!"
Жанбота Алдабергенова спорттан кету туралы шешімді 2023 жылдың желтоқсанында алған жамбас буынының шығып кетуіне байланысты қабылдағанын мәлімдеді.
Осылайша қазақстандық фристайл-акробатиканың жарық жұлдызы спортпен қоштасты. Бірақ оның жетістіктері мен қосқан үлесі ел спортының тарихында мәңгі қалады.