Қазақстандық жанкүйерлер билеттердің бірнеше есе қымбатқа сатылғанына наразылық білдірді.
Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы Чемпиондар лигасы матчының билеттеріне байланысты шыққан дауға пікір білдірді.
Ойыннан кейін әлеуметтік желілерде қазақстандық жанкүйерлер билеттердің алдын ала жаппай сатып алынып, кейін бірнеше есе қымбатқа қайта сатылғанын айтып шағымдана бастады.
Журналистер вице-министрге сұрақ қойып, «Бұл қалай мүмкін болды? Билеттер ЖСН арқылы сатылды емес пе? Сәкен Майғазиев пен Еспановтың ұлдары әрқайсысы 50 билет сатып алып, кейін қымбат бағаға қайта сатқан деген шағым бар. Осы фактілерді тексересіздер ме?» деп сұрады.
Санжар Әділов бұл ақпаратты алғаш рет естігенін айтып, тиісті шара қолдануға уәде берді.
«Егер ресми түрде арыз түссе, міндетті түрде тексеріс жүргіземіз. Құқықтық тұрғыда шешім қабылдаймыз. Әзірге ондай шағымдар түскен жоқ, бірақ келіп түссе, тиісті тексеру шараларын жүзеге асырамыз», – деді ол.