"Қазгидромет" РМК 8 қазанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Бірқатар облыста тұман түсіп, үсік жүреді. Синоптиктер күн райының бұзылуына орай 13 өңірде ескерту жариялады.
“Қазгидромет” мамандарының хабарлауынша, еліміздің бірнеше облысында алдағы күндері тұман түсіп, үсік жүруі мүмкін. Кей аймақтарда жел күшейіп, шаңды дауыл тұрады, сондай-ақ жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау облысында солтүстік, оңтүстік және шығыс аймақтарда төтенше өрт қаупі бар. Солтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Астанада 8 қазан күні түнде және таңертең тұман түседі деп болжануда.
Жамбыл облысының таулы өңірлерінде тұман болады. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді. Түнде батыс, солтүстік, оңтүстік және таулы аудандарда 1–3°С үсік жүруі ықтимал. Батысы мен солтүстігінде төтенше, ал орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысында күндіз орталық және шығыс аймақтарда шаңды дауыл тұрады. Солтүстік-шығыстан жел соғып, жылдамдығы 15–20 м/с дейін жетеді. Өрт қаупі жоғары деңгейде қалады.
Ұлытау облысының шығысында жоғары, ал оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысында күндіз оңтүстік және орталық аудандарда шаңды дауыл соғады. Шығыстан және оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–18 м/с шамасында болады. Өңірде жоғары өрт қаупі бар.
Қарағанды облысында түнде және таңертең солтүстік пен шығыста тұман күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында түнде және таңертең батыс пен солтүстікте тұман болады. Өңірдің батысы, солтүстігі мен орталығында жоғары, ал солтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде де түнде және таңертең тұман түседі.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең батыс өңірлерде тұман болады деп болжанады.
Жетісу облысында 8–9 қазан күндері түнде ауа температурасы 1–6°С-қа дейін төмендеп, үсік жүреді.
Ақмола облысында түнде және таңертең солтүстік пен шығыс аймақтарда тұман түседі.
Алматы облысында түнгі уақытта 1–6°С суық байқалып, үсік жүруі мүмкін. Солтүстік бөлігінде төтенше өрт қаупі бар.
Түркістан облысында шығыстан жел соғып, таулы асуларда екпіні 15–20 м/с дейін жетеді.