Алматыға келген әйгілі мадридтік «Реал» футболшылары жергілікті ұлттық сусындар — қымыз бен шұбаттан бас тартқан. Бірақ олардың ас мәзірін қазақстандық аспаздар дайындаған. Барлық тағам испаниялық клубтың жеке шеф-аспазының бақылауында пісірілді.
Отель қызметкерлерінің айтуынша, «Реал» ойыншыларының таңғы, түскі және кешкі астары он екінші қабаттағы жеке мейрамханада берілген. Командамен бірге Испаниядан олардың жеке шеф-аспазы да келген. Ол сапар алдында Алматыдағы аспаздарға арнайы мәзір жіберіп, әр тағамның дайындалу барысын жеке бақылаған.
«Олардың мәзірі — тек дұрыс әрі теңгерімді тамақтануға арналған. Барлық өнім тек жаңа күйінде пайдаланылды. Тіпті өздерінің фирмалық десерті бар — йогурттан жасалған торт. Рецептін бізге қалдырып кетті. Дәмі де, пайдасы да ерекше», — дейді отельдің бас кондитері Екатерина Менжею.
Меймандарға ұлттық сусындар ұсынылғанымен футболшылар одан бас тартқан. Себебі команда алдағы маңызды ойын — «Қайратқа» қарсы матч алдында ештеңеге тәуекел еткісі келмеген.
«Біз оларға қымыз бен шұбат ұсындық, бірақ олар ішуге батпады. Барлық тағам жергілікті өнімдерден дайындалды, алайда қатаң түрде олардың райдеріне сай болуы керек еді. Испандық шеф әр табақты жеке тексеріп отырды», — дейді отельдің тамақ және сусындар бөлімінің директоры Мақсат Құттыболатов.
Мадридтік «Реал» мен алматылық «Қайрат» арасындағы Чемпиондар лигасы матчы жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Кездесу 0:5 есебімен испандықтардың пайдасына аяқталды. Ал хет-трик авторы француз шабуылшысы Килиан Мбаппе болды.