Бүгін «Қайраттың» жас қақпашысы Темірлан Анарбеков 22 жасқа толып отыр. Әлеуметтік желілерде футболшыны құттықтаған жанкүйерлер мен достарының жылы лебіздері толассыз ағылып жатыр.
Футболшының Instagram парақшасында достары мен әріптестері түсірген бейнелер мен фотолар жарық көрді. Актер Ұлан Адамбаев түн ортасында туған күн иесінің үйіне тортпен келіп, ерекше сый жасады.
«Аңыз», «Машина», «Менің қаһарманым» деген жазбаларын бөліскен жанкүйерлер жас қақпашының қайсарлығын атап өтті.
Ал «Қайрат» футбол клубы өз инстаграм парақшасында ойыншыны ресми түрде құттықтады:
«Темірланды туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Деніңе саулық, алаңға тезірек оралуыңды, көп “құрғақ” матчтар мен жарқын сейвтер тілейміз. Командамен бірге үлкен жеңістерге жете бер!»
– «Қайрат» ФК баспасөз қызметі
Темірлан Анарбеков — Атырау қаласының тумасы. Алғашқы футбол қадамын туған жерінің командасында бастаған.
2017 жылдың қарашасынан бастап ол «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі атанды. Бүгінде Анарбеков ел футболының болашағынан зор үміт күттіретін жас таланттардың бірі.