Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы оқиға қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста, танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова да үн қосты.
Оқиғаға байланысты Серік Сәпиев Instagram парақшасында түсініктеме жариялаған. Сол жазбаның астына Сәбина Алтынбекова қолдау білдіріп, қысқа әрі нақты пікір қалдырды:
"Браво, бұл ережені әрқашан есте ұстаймыз, қанша жерден арандатса да", — деп жазды волейболшы.

Қақтығыс 2026 жылы 21 қаңтарда болған. Әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеода самбо мен джиу-джитсудан әлем чемпионаттарының жүлдегері ретінде танылған Дәурен Есімхановтың Серік Сәпиевті кабинеттен итеріп шығарған сәті көрінеді.
Олимпиада чемпионы жағдайға қатысты ресми ұстанымын білдіріп, мемлекеттік қызметкер ретінде этиканы сақтауға міндетті екенін атап өтті. Сондай-ақ күш қолдануға бармағанын, провокацияға ермегенін жеткізді:
"Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тарап жатқан жағдайға қатысты. Мен мемлекеттік қызметшімін және қызметтік міндетімді атқару барысында мемлекеттік қызметші этикасын сақтаймын. Бала күнімнен бапкерлер рингтен тыс жерде күш қолданбауды үйретті. Өз мүмкіндігімді дұрыс бағалаймын, әр іс-әрекетім үшін жауапкершілік арқалайтынымды білемін. Сондықтан провокацияға ермеймін. Мәселе жабық", — деді Серік Сәпиев.
Кейінірек денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгені белгілі болды.
Айта кетейік, Сәбина Алтынбекова бұған дейін де Серік Сәпиевке қолдау білдірген. 2023 жылы Batyrball турниріне қатысты дау кезінде де спортшы Сәпиевтің жағына шыққан еді.