Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов жарақатынан кейінгі қалпына келу кезеңінде уақытын ерекше өткізіп жүр.
Қазақстандық UFC файтері, жартылай орта салмақта өнер көрсететін Шавкат Рахмонов жарақатынан айығу кезеңінде спорттан мүлде алшақтап кеткен жоқ. Керісінше уақытын белсенді әрі қызықты өткізіп жүргенін тағы бір мәрте көрсетті.
Әлеуметтік желіде тараған видеода “Номад” автодромда көлік айдап, дрифт элементтерін орындап жатқанын көруге болады. Бұл сәт жанкүйерлер арасында бірден қызу талқыланып, Шавкаттың октагоннан тыс өміріне деген қызығушылықты арттырды.
Желіде жарияланған роликке Red Corner MMA парақшасы назар аударған. Әлеуметтік желідегі жазбада ресурс:
“Шавкат Рахмонов дрифттегі шеберлігін көрсетіп жүр”, — деп пікір қалдырған.
Осылайша қазақстандық спортшы тек октагонда емес, экстремалды жүргізу бағытында да өзін байқап көруге ниетті екенін аңғартты.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында октагонға шыққан. Содан бері жарақатына байланысты жекпе-жек өткізген жоқ.
Жыл басында файтердің жарақаты қайта сыр бергені белгілі болды. Соған байланысты оның UFC-ге оралу мерзімі кейінге шегерілді.
Қазіргі мәліметке сәйкес, Шавкат Рахмоновтың келесі жекпе-жегі осы жылдың күзінен ерте өтпейді деп күтіліп отыр.