"Мен үшін Әйгерім – чемпион". Көпбалалы қазақстандық боксшыны күйеуі толқытты
Қазақстандық боксшы, 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Әйгерім Сәттібаеваны жарыстан кейін күйеуі әсерлі сөзбен қолдап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Әйгерім Сәттібаеваны жарыстан соң жұбайының сөзі жылатты
Боксшының жарыстағы өнеріне оның жұбайы Олжас Сәттібаев баға беріп, отбасылық қолдаудың спортшы үшін қаншалық маңызды екенін айтты. Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі таратқан видеода Олжас жұбайының ұзақ жолдан өткенін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, екеуі бокста 20 жылдан астам уақыттан бері бірге келеді. Бір залда танысып, спорт тағдыры арқылы табысқан.
Ол жұбайының бес баланы дүниеге әкелгеннен кейін де боксқа қайта оралғанын мақтанышпен жеткізді.
“Біз Әйгеріммен бокста 20 жылдан астам уақыт бірге жүрміз. Бір залда таныстық. Бес баланы өмірге әкелгеннен кейін Әйгерім қайтадан боксқа оралды. Біз оны қолдадық. Оның ішінде осыған деген үлкен тілек болды. Аллаға шүкір, барлық қиындыққа қарамастан Азия чемпионатына екінші рет келіп отыр. Екінші Азия чемпионатында жүлдеге ілікті.
Әйгерім – батыр ана! Мен оған: “Жарайсың!” деймін. Сен – чемпионсың! Мен үшін Әйгерім – чемпион!
Қолдау әрқашан керек. Әр адам бір-бірін демеп тұрса, бұл өте жақсы. Мен өзім де оны әрдайым қолдаймын. Әйгерім, бері кел. Жаным, сен жеңдің! Жарайсың! Ешқашан мұңайма”, – деді Олжас Сәттібаев.
Азия чемпионатында қалай өнер көрсетті?
2026 жылғы Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтті. Қазақстандық боксшы 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады.
Жартылай финалда Әйгерім Сәттібаева ринг иесі, моңғолиялық Номундари Энх-Амгаланмен қолғап түйістірді. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан қарсыласқа берді. Осылайша қазақстандық спортшы құрлықтық біріншіліктің қола медалін иеленді.