Луиш Нани көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады
"Ақтөбе" ФК португалиялық жұлдызы баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстады.
Алты балалы отбасы баспаналы болды
39 жастағы футболшы бұған дейін жалдамалы үйде тұрған отбасымен кездесті. Отағасы жақындарын қажетті нәрсемен қамтамасыз ету үшін демалыссыз еңбек еткен, ал анасының денсаулығы ауыр жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген.
Кездесу барысында Нани балалармен естелік суретке түсіп, өзінің қолтаңбасы бар "Ақтөбе" жейдесін сыйлады. Кейін отбасыға жаңа баспананың кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Қайырымдылық жобасы қазақстандық "Харекет" қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылды.
Балалық шағын еске алды
Португалиялық футболшы отбасы мүшелерін қуанышты жаңалықпен құттықтап, мұндай сәттің маңызын жақсы түсінетінін айтты.
"Сіздерді жаңа баспаналарыңызбен құттықтаймын. Мұның сіздер үшін қаншалықты маңызды екенін білемін. Мен де бала кезімде өте кедей тұрдым. Отбасымыз үлкен болатын, бауырларым көп еді және бәріміз шағын ғана үйде өмір сүрдік.
Жаңа баспанаға көшу мүмкіндігі пайда болған кезде дәл қазір сіздер сезініп тұрғандай күй кештім. Сондықтан қуаныштарыңызды жақсы түсінемін. Адамдарға бақыт сыйлап, олардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге көмектесе алсам, шын жүректен қуанамын. Баршаңызға зор денсаулық пен жақсылық тілеймін", – деді Луиш Нани.
Португалиялық жұлдыз "Ақтөбеде" қалай ойнап жүр?
"Манчестер Юнайтед" пен Португалия құрамасының бұрынғы вингері Луиш Нани "Ақтөбе" сапына 2026 жылғы 25 қаңтарда ресми түрде қосылды. Ол кәсіби мансабын қайта жалғастырып, клубпен маусым соңына дейін келісімшарт жасасты.
Португалиялық футболшы биыл ақтөбелік команда үшін 20 матч өткізіп, үш гол соқты және төрт нәтижелі пас берді.