Рафаэль Надаль — енді тек теннистің ғана емес, Испанияның да асыл азаматы. Елдің королі Фелипе VI атақты спортшыны Льевант де Майорка маркизі атағымен марапаттады. Бұл — ел игілігіне сіңірген еңбегі мен әлемдік спорттағы жетістіктері үшін берілген ерекше құрмет.
11 жыл бұрын таққа отырған Испания королі Фелипе VI елінің көрнекті азаматтарына ерекше құрмет көрсетті. 2025 жылғы маусымда ол бірнеше танымал тұлғаларға жаңа дворяндық атақтар табыстады. Солардың арасында — теннис аңызы Рафаэль Надаль. Ол енді «Льевант де Майорка» маркизі атанды.
Бұл жаңа титул — арнайы Надаль үшін құрылған құрмет атағы және болашақта мұрагерлікке берілетін болады. Ол ресми түрде Испания Конституциясының 62-бабына сәйкес бекітілді, онда монархтың марапаттау мен атақ беру құқығы нақты көрсетілген.
"Олардың мансап жолы — ой-сананың, ғылымның, мәдениеттің, өнердің және спорттың шыңы. Олар Испания үшін мақтаныш және қоғамымызға бағыт беретін құндылықтардың үлгісі", — делінген ресми негіздемеде.
Рафаэль Надальмен қатар марапатталған тағы бір спорт жұлдызы — Паралимпиада чемпионы, жүзуші Тереса Фернандес Пералес. Ол «Пералес мархесасы» титулын алды. Бұл қадам корольдің спортқа деген ерекше құрметін көрсетеді.
Рафаэль Надаль 2024 жылдың қарашасында Дэвис кубогынан кейін ресми түрде спортпен қоштасқан болатын. Алайда Испания халқы мен билігі оны әлі де ұмытқан жоқ. Бұл марапат — оның Ролан Гаррос, Уимблдон, Бейжің Олимпиадасы, Дэвис кубогы сияқты жарыстардағы жетістіктерін мойындау.
Айта кетейік, 2008 жылы-ақ Фелипе (ол кезде әлі таққа отырмаған ханзада) Надальды «Астурия ханзадасының спорт сыйлығымен» марапаттаған.
Маркиз атағы тек Рафаэль Надальға ғана емес, оның жары Мери Перельоға да әсер етті. Енді ол — «Льевант де Майорка мархеса-консорт» атанды. Бұл атақ символдық және құрметті мәнге ие, саяси немесе мүліктік артықшылықтар бермейді.