Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік WTA рейтингінде 12-орында тұрған Елена Рыбакина Цинциннати WTA 1000 сериялы турнирді жеңіспен бастады.
Турнирдің екінші айналымында Рыбакина мексикалық Рената Зарасуамен (WTA – 68) кортқа шықты. Бірінші сетте 4:6 есебімен жеңілген қазақстандық теннисші екінші партияда қарсыласына бір гейм де бермей, 6:0 есебімен ұтты. Шешуші үшінші сетте 7:5 нәтижесімен басым түсіп, матчты өз пайдасына жапты. Осылайша Елена турнирдің үшінші кезеңіне жолдама алды.
WTA 1000 сериясындағы Цинциннати додасының жүлде қоры 5 152 599 доллар. Бас жүлдені иеленген теннисші 752 275 доллар тауып, 1000 рейтингтік ұпай алады. Былтырғы турнирді беларусь теннисшісі, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко жеңіп алды.
Өткен маусымда Рыбакина Цинциннати кортынан күтпеген жерден ерте кеткен еді. Ол екінші айналымда канадалық Лейла Фернандеске (WTA – 24) 6:3, 6:7, 4:6 есебімен жол берген.