Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов (ATP рейтингі – 305-орын) Германияның Бонн қаласында өткен халықаралық турнирдің финалында өнер көрсетті.
Шешуші кездесуде Скатов Австрия өкілі Юрий Родионовпен (ATP – 184-орын) күш сынасты. Қазақстандық теннисші бірінші сетте сенімді ойнап, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Алайда матчтың тағдыры келесі сеттерде өзгерді. Родионов камбэк жасап, 6:2, 6:4 нәтижесімен жеңісті өз пайдасына шешті.
Кездесу 2 сағат 15 минутқа созылды. Айта кетейік, Родионов турнирде 7-нөмірлі спортшы ретінде тіркелсе, Скатов – сеялы тізімге енбеген теннисші болды.
Турнир жеңімпазы Юрий Родионов 12 980 еуро және 75 ATP ұпайын иеленді. Ал финалға шыққан Тимофей Скатов 7 620 еуро мен 44 рейтингтік ұпай алып, маусымдағы маңызды нәтижелерінің бірін көрсетті.