US Open турнирінің 1/8 финалында отандасымыз әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнерге бар болғаны 1 сағат 21 минутта есе жіберді.
Қазақстандық теннисші Александр Бублик АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан US Open турнирінің 1/8 финалында әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнерге қарсы ойнап, турнирмен қош айтысты.
Кездесу фаворит саналған Синнердің толық үстемдігімен өтті. Итальяндық теннисші Бубликке ешқандай мүмкіндік бермей, сенімді жеңіске жетті. Есеп; 6:1, 6:1, 6:1.
Ойын бар болғаны 1 сағат 21 минутқа созылды.
Жеңіліске қарамастан, Александр Бублик өзінің мансабында алғаш рет US Open турнирінің 1/8 финалына дейін жетті. Бұл — қазақстандық теннисші үшін маңызды тарихи кезең.
Келесі айналымда Янник Синнер өз отандасы, әлемдік рейтингте 10-орында тұрған Лоренцо Музеттимен кездеседі.
Айта кетейік, өткен жылы Синнер финалда америкалық Тейлор Фрицті (ATP №4) 6:3, 6:4, 7:5 есебімен ұтып, чемпион атанған болатын.
Биылғы US Open турнирінің жүлде қоры рекордтық деңгейге жетіп отыр: жеңімпазға 5 миллион доллар табысталады.