Рыбакина Ухань WTA 1000 сериясындағы турнирде Арина Соболенкодан жеңіліс тапты.
Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан теннистен WTA 1000 сериясындағы турнирде қазақстандық Елена Рыбакина (№9) 1/4 финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкодан жеңіліп қалды.
Алғашқы сетті қос теннисші тең бастаған. Есеп 3:3 болғанда Рыбакина жиі қателесіп, қатарынан үш геймде жеңілді.
Ал, екінші сетте беларустық теннисші үш рет брейк жасап, өзі де қарсыласының бір брейк жасауына мүмкіндік берді. Қорытынды есеп – 6:3, 6:3.
Матч 1 сағат 25 минутқа созылды.
Айта кету керек, Уханьдағы турнирде Рыбакина алдымен румындық Жаклин Кристианды (№48) жеңсе, артынша Чехия теннисшісі Линда Носкованы (№17) жарыс жолынан шығарды.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 3,65 миллион долларды құрайды.