14 жастағы қазақ теннисшісі АҚШ-та тарих жазды
АҚШ-та өтіп жатқан әйгілі Eddie Herr-2025 турнирінде Ахмади Маханов тарихи нәтиже тіркеді. Ақтөбе теннис мектебінің өкілі беделді додада жартылай финалға шыққан алғашқы қазақстандық ойыншы атанды.
Майамидегі сенсация
АҚШ-тың Майами қаласындағы корттарда 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтетін Eddie Herr-2025 турнирінің жартылай финалистері анықталды.
Сол тізімде Қазақстан теннисі тарихына енген жаңа есім Ахмади Маханов та бар. Ол осы турнирдің жартылай финалына шыққан алғашқы қазақстандық юниор болып отыр.
Қиын тай-брейктегі мінез
Ахмади ширек финалда аса мықты қарсыласпен жолықты – турнирдің төртінші ракеткасы, Қытай өкілі Ванг Боши. Матч тізгіні ақтөбелік теннисшінің қолында болды. Бірінші сет – 6:2,екінші сет – 7:6, тай-брейк – 13:11. Осылайша Маханов тартысты тай-брейкте жеңісті жұлып алып, тарихқа енетін жартылай финал билетін жеңіп алды.
Енді 14 жастағы қазақстандықтың финал жолындағы келесі қарсыласы – Венесуэла елінен келген Мехис Игнасио.
Өзге қазақстандықтар да жақсы нәтиже көрсетті
Eddie Herr-2025 турнирінде өзге қазақстандық жас ойыншылар да жаман нәтиже көрсеткен жоқ:
- Айым Канагэғатова жарысты іріктеу кезеңінен бастап, негізгі сеткаға өтіп, үшінші айналымға дейін жетті;
- Аңсар Ниетқалиевке жартылай финалға шығу үшін аз ғана ұпай жетпей қалды.
Eddie Herr турнирі деген не?
Eddie Herr International Junior Championship – әлемдегі ең танымал жасөспірімдер турнирлерінің бірі. Ол жыл сайын төрт жас санатында өтеді және Ник Боллеттьери академиясының корттарында ұйымдастырылады.
Додаға жыл сайын шамамен 1500-ге жуық әлемнің ең үздік юниор теннисшілері жиналады.
Кезінде осы турнирден өткен аңыз ойыншылар:
- Роджер Федерер
- Мария Шарапова
- Энди Роддик
- Давид Налбандян
- Анна Курникова және басқа да жұлдыздар
Енді осы қатарға Ахмади Махановтың есімі де жас жұлдыз ретінде қосылып жатыр.