Ол Эрисланди Лараның отандасы екен.
Boxingnews24.com журналисі Крис Уильямс кубалық кәсіпқой боксшы Йоэнлис Эрнандестің (9-0, 8 КО) орта салмақта әлем чемпионы атануға үлкен әлеуеті бар деп санайды.
Допинг дауына байланысты қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы The Ring рейтингінен шығарылғаннан кейін, көшбасшылық орын Карлос Адамеске өтті. Ал Эрнандес екінші орынға көтерілсе, үшінші сатыда Жәнібектің бұрын жоспарланған қарсыласы Эрисланди Лара тұр.
«28 жастағы кубалық Йоэнлис Эрнандес қазір өрлеу үстінде, көпшілік оны болашақ әлем чемпионы ретінде көріп отыр. Оған қажеті — деңгейін жаңа биікке көтеретін жекпе-жектер. Себебі үш жылдық кәсіпқой мансабында ол әлі күнге дейін тек бір ғана танымал қарсыласпен — Кайрон Дэвиспен ғана жұдырықтасқан. Дәл осы жағдай оның дамуын тежеп отыр», — делінген мақалада.
Еске сала кетсек, 7 желтоқсан күні Жәнібек Әлімханұлы кубалық Эрисланди Лараға қарсы WBO, IBF, WBA белбеулері үшін біріктіру жекпе-жегін өткізуі керек еді.
Алайда жақында тараған ақпаратқа сәйкес қазақстандық боксшының допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты анықталғаны хабарланды.
Салдарынан жоспарланған жекпе-жек ресми түрде тоқтатылды. Оқиға үлкен допинг дауына ұласты. Жанкүйерлер мен бокс қауымдастығы арасында түрлі пікірлер туындады.