2026 жылдың алғашқы ірі турнирі Австралияда жалғасуда. Ашық кубок 31 қаңтар өз мәресіне жетеді.
Мельбурнда өтіп жатқан Australian Open турнирі қыза түсуде. Қазақстанның екінші ракеткасы Александр Шевченко (ATP рейтингінде 104-орын) жарысты жеңіспен бастап, алғашқы айналымда швециялық Элиас Имерді (ATP №175) ұтты.
Кездесу төрт сетке созылып, Шевченко 3:6, 7:5, 6:4, 6:1 есебімен басым түсті. Алғашқы партияда қарсыласына есе жібергенімен, кейін қазақстандық теннисші ойынын біртіндеп реттеп, шешуші сәттерде жинақы әрекет етті. Екінші сетте мінез көрсетіп, есепті теңестірсе, үшінші партияда өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып алға шықты. Ал төртінші сетте толық үстемдік танытып, матчты сенімді аяқтады.
Енді Шевченко келесі кезеңде америкалық теннисшілер — Ленер Тьен мен Маркос Жирон арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, Австралия ашық чемпионаты 18–31 қаңтар аралығында өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 74 900 000 АҚШ долларын құрайды.